Корпоративтік басқару туралы есеп
Компанияны корпоративтік басқарудың негізгі қағидаттары:
- Тұрақты даму.
- Акционерлердің құқықтарын құрметтеу және оларға әділ көзқарас.
- Тиімділік.
- Ашықтық.
Корпоративтік басқару кодексінің осы қағидаттары мен ережелерінің сақталуы жыл сайын Корпоративтік хатшы дайындайтын Директорлар кеңесі үшін есепте жарияланады.
«Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік басқару кодексі Қазақстан Республикасының заңнамасына, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ішкі құжаттарына және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Трансформациялау бағдарламасына сәйкес әзірленді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23.07.2023 жылғы №590 қаулысымен «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару кодексінің жаңа редакцияда бекітілгенін ескере отырып, Компания 2024 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның Корпоративтік басқару кодексін жаңартуды жоспарлап отыр.
«Қазақтелеком» АҚ-ның Корпоративтік басқару жүйесі акционерлік қоғамның қызметін басқару мен бақылауды, сондай-ақ атқарушы орган, Директорлар кеңесі, акционерлер мен мүдделі тараптар арасындағы өзара қарым-қатынас жүйесін қамтамасыз ететін процестердің жиынтығы болып табылады. Органдардың құзыреттері мен шешімдер қабылдау тәртібі «Қазақтелеком» АҚ-ның Жарғысында айқындалған және бекітілген.
2023 жылдың қорытындысы бойынша талдау «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметі мен оның корпоративтік тәжірибесі Корпоративтік басқару кодексінің қағидаттары мен ережелеріне сәйкестікті қамтамасыз ететіндігін көрсетті.
Басқару органдары:
- жоғары орган – Акционерлердің жалпы жиналысы;
- басқару органы – Директорлар кеңесі;
- атқарушы орган – Басқарма.
Басқарма Директорлар кеңесіне бағынады және есеп береді, ол өз кезегінде Акционерлердің жалпы жиналысы алдында жауап береді. Компанияның әрбір органының нақты рөлі мен функциялары «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңда, Жарғыда және Компанияның басқа да ішкі құжаттарында жазылған.
Ішкі аудит қызметі Компанияның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды, ішкі бақылау, тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару саласындағы құжаттардың орындалуын бағалауды, сондай-ақ акционерлік қоғамның қызметін жетілдіру мақсатында консультация беруді жүзеге асыратын орган болып табылады.