Біріктірілген жылдық есеп 2023
ҚАЗ
РУС
ENG

Реттеу саласына шолу

«Қазақтелеком» АҚ-ның негізгі қызмет бағыттарының сипаттамасы

«Қазақтелеком» АҚ Жарғысының 7-бабының 1-тармағына сәйкес Компания жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісін және телекоммуникациялардың жеке жүйелерін құру, монтаждау, пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін Қазақстан Республикасының байланыс операторы ретінде қызметін жүзеге асырады, жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі операторының және басқалармен қатар Халықаралық Электр байланысы одағының Регламентіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттердің Байланыс әкімшіліктерімен, компаниялар, пайдаланушылар, халықаралық ұйымдармен есеп жүргізу құқығымен қалаларалық және халықаралық операторының қызметін орындайды.

«Қазақтелеком» АҚ қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының мемлекеттік реттеуші нормалары

«Қазақтелеком» АҚ-ның қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының негізгі заңнамалық актілері ҚР-ның Кәсіпкерлік Кодексі, ҚР-ның «Байланыс туралы», «Табиғи монополиялар туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдары болып табылады.


Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі (бұдан әрі – ҚР КК) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара әрекеттесуіне, оның ішінде мемлекеттік реттеуге және кәсіпкерлікті қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

2023 жылы ішінде ҚР КК-не түрлі сипаттағы өзгерістер енгізілді:

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жеке тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 30.12.2022 жылғы №177-VII Заңына сәйкес ҚР КК-не келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) 90-6-бап «Монополияға қарсы органның құзыретi» мынадай мазмұндағы 39-5) тармақшамен толықтырылды:

39-5) «Монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық жобасына бизнес-жоспарды, республикалық мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын, жекеше әріптестердің мемлекеттік функцияларды іске асыруды қамтамасыз етуін көздейтін жобалар бойынша бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезін қоса алғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын бекітеді;»;

2) 138-бап «Бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет салалары» мынадай мазмұндағы 118) және 119) тармақшалармен толықтырылды:

«Бақылау:

118) Қазақстан Республикасының онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңнамасының сақталуына;

19) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуына жүзеге асырылады.».

3) 163-1-бап «Табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтер» мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылды:

«3. Жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтер көрсету кезінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері ақпараттандыру объектілерін пайдаланады, сондай-ақ монополистік қызметті шектеу және бәсекелестікті қорғау шеңберінде Табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілеріне деректерді машинамен оқылатын түрде ұсынады.».

4) 193-баптың 3-тармағы өзгертілді және мынадай редакцияда баяндалды:

«3. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын, мемлекеттік техникалық қызметті қоспағанда, мемлекеттік монополия субъектісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған мемлекеттік кәсіпорын ғана бола алады.

Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік арнаулы құқық субъектісі бола алады.

Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген талап дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі, бағалы қағаздардың бастапқы нарығында акцияларды орналастырған тауарлар мен заңды тұлғаларды, сондай-ақ олармен үлестес тұлғаларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторына қолданылмайды.»;

5) 193-баптың 4-тармағы өзгертілді және мынадай редакцияда баяндалды:

«4. Нарық субъектілеріне осы баптың талаптарын бұзудағы бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға өзге де айрықша немесе басым құқықтар беруге тыйым салынады.».

Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 05.04.2023 жылғы №221-VII ҚР Заңына сәйкес ҚР КК-нің 163-1-бабы мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылды:

«3. Жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтер көрсету кезінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері ақпараттандыру объектілерін пайдаланады, сондай-ақ монополистік қызметті шектеу және бәсекелестікті қорғау шеңберінде Табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілеріне деректерді машинамен оқылатын түрде ұсынады.».

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 19.04.2023 жылғы №223-VII ҚР Заңына сәйкес ҚР КК-не мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) 61-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда баяндалды:

«1. Міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.»;

2) ҚР Үкіметінің кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті өзгертілді, ҚР КК-нің 84-бабы мынадай редакцияда баяндалды:

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:

1) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;

1-1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;

1-3) реттеушілік актілері талаптар тізіліміне енгізілуге жататын кәсіпкерлік қызметті реттеу салаларын айқындау жатады;»;

3) ҚР КК-нің 85-бабы 2-тармағында «Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және оның кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті» мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылды:

«1-1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;»,

4) ҚР КК-ның 85-бабы 2-тармағының 5-1) және 6) тармақшалары өзгертіліп, мынадай редакцияда баяндалды:

«5-1) кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін жүргізу қағидаларын бекітеді;

6) қызметкерлердің орташа жылдық санын және орташа жылдық табысты есептеу қағидаларын бекітеді;».


«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» (бұдан әрі - Байланыс туралы заң) Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттіктерін, байланыс қызметтерін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 19.04.2023 жылғы №223-VІI ҚР Заңына сәйкес:

1) ҚР Үкіметінің байланыс саласындағы мәселелердегі құзыреті өзгертілді, Байланыс туралы заңның 7-бабы өзгертілді және мынадай редакцияда баяндалды:

«7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Құзыреті

Қазақстан Республикасы Үкіметінің байланыс саласындағы құзыретіне төмендегілер жатады:

1. байланыс саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыру;

2. радиожиілік спектрін бөлу, сондай-ақ радиожиіліктерді және байланыс спутниктерінің орбиталық позицияларын тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру;

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттіліктері үшін жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану тәртібін бекіту.»;

2) байланыс саласындағы уәкілетті органның құзыретіне өзгерістер енгізілді. Осылайша, Байланыс туралы заңның 8-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда баяндалды:

«1) байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, оның iшiнде байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды бөлуді және пайдалануды, сондай-ақ байланыс саласындағы техникалық реттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау саласындағы өз құзыреті шегінде қатысу және оны іске асыруды қамтамасыз ету;»;

Бұл ретте Байланыс туралы заңның 8-бабы 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылды:

«1-1) субсидиялар мөлшерін есептеуді және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді, байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі талаптарды және байланыстың әмбебап қызметтерінің тізбесін қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөніндегі конкурс өткізу қағидаларын бекіту;»;

3) Байланыс туралы заңның 9-бабына өзгерістер енгізілді, енді Әскери басқарудың орталық атқарушы органының орнына Қазақстан Республикасында жиіліктер жолақтарын, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) таратуды, бөлуді және беруді жүзеге асыратын радиожиілік органы ҚР Қорғаныс Министрлігі болды;

4) Байланыс туралы заңның 36-бабы 7-тармағына өзгерістер енгізілді, ҚР Үкіметінің орнына қазір әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшері мен тәртібін уәкілетті орган айқындайды.


«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

«Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңы табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын Қазақстан Республикасының қызметтер нарығында туындайтын қатынастарға қолданылады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жеке тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 30.12.2022 №177-VII жылғы ҚР Заңына сәйкес «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңына мынадай елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) 22-баптың 1-тармағы 9-2) тармақшамен толықтырылды және мынадай редакцияда баяндалды:

«9-2) бір қызметкердің бір жылдағы статистика деректеріне сәйкес қалыптасқан аймақтағы (қаладағы) экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа айлық атаулы жалақысының өзгеруі;» (Уәкілетті орган бекіткен тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту негізіне қатысты мәселе);

2) 25-баптың 12-тармағы мынадай мазмұндағы екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылды:

«Жария тыңдаулар, табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылар және өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы есептері, оның ішінде жария тыңдауларға қатысушылардың кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, онлайн-трансляция ұйымдастыра отырып өткізіледі.

Елде төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезде уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері, табиғи монополиялар субъектілері онлайн-трансляциялар арқылы тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында жария тыңдаулар, есептер өткізеді.

Жария тыңдауларды онлайн-трансляциялар арқылы өткізу кезінде уәкілетті органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшесі жария тыңдаулар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурста жария тыңдаулардың онлайн-трансляциясына күнін, уақытын және сілтемелерін көрсете отырып, алдағы жария тыңдау туралы хабарландыруды орналастырады.

Егер табиғи монополия субъектісінің қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес міндетті аудитке жататын болса, оны осы баптың 2-тармағында көзделген бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру аудит аяқталғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде жүзеге асырылады.»;

3) 26-баптың 2-тармағы табиғи монополиялар субъектісінің міндеттері бөлігінде 24-2) және 24-3) тармақшалармен толықтырылды және қазір табиғи монополиялар субъектісі:

«24-2) табиғи монополиялар субъектісінің меншігіндегі реттелетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті сенімгерлік басқару шартын уәкілетті органмен келісуге;

24-3) халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тарту үшін уәкілетті органмен кредиттік келісімдерді келісуге міндетті;».

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 19.04.2023 жылғы №223-VII ҚР Заңына сәйкес «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңына мынадай елеулі өзгерістер енгізілді:

1) ҚР Үкіметінің табиғи монополиялар саласындағы құзыреті өзгертілді, 7-бап мынадай редакцияда баяндалды:

«7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады.»;

2) уәкілетті органның құзыретіне де өзгерістер енгізілді, 8-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда баяндалды:

«2) табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырады және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;».

Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 5 сәуірдегі №221-VII ҚРЗ ҚР Заңына сәйкес «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңына мынадай елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) 24-баптың 7-тармағы өзгертіліп, мынадай редакцияда баяндалды:

«7. Сәулет және қала құрылысы органдарының өтініші бойынша табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосылуға техникалық шарттар беруді табиғи монополия субъектісі:

1. техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін - екі жұмыс күні ішінде;

2. техникалық жағынан күрделі объектілер үшін - бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

Табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосылуға немесе реттелетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттар жобалаудың, құрылыстың нормативтік кезеңіне беріледі және оларды сәулет пен қала құрылысы органдары мемлекеттік қала құрылысы кадастрына ұсынады.»;

2) 25-бап мынадай редакцияда 6-2-тармақпен толықтырылды:

«6-2. Табиғи монополиялар субъектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысандарға сәйкес машинамен оқылатын түрде орналастырады және (немесе) өзектендіреді:

1. төмендегілер туралы ақпарат:

  • қор;
  • белгіленген қуат және (немесе) сыйымдылық;
  • бос және қолжетімді қуаттардың және (немесе) сыйымдылықтардың болуы;
  • желінің өткізу қабілеттілігі;
  • орналасқан жері (елді мекен көшелерінің атауын көрсете отырып);
  • ұзындығы;
  • брондалған қуаттардың және (немесе) сыйымдылықтардың саны және олардың брондау мерзімдері;
  • соңғы тұтынушыларға қызмет көрсету үшін технологиялық процесте пайдаланылатын бос емес қуаттардың және (немесе) сыйымдылықтардың саны;

2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, реттелетін қызметтерді ұсыну кезінде пайдаланылатын желілерді немесе өзге де мүлікті орналастыру схемалары.».

Бұдан басқа, 2023 жылы ҚР Азаматтық кодексі, ҚР Салық кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексі, «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңы, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңы сияқты «Қазақтелеком» АҚ қызметінде қолданылатын ҚР кейбір заңнамалық актілеріне, сондай-ақ байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге жалпы сипаттағы әртүрлі өзгерістер енгізілді.