Адам құқықтарын сақтау және тең мүмкіндіктер
Басқару тәсілі



«Қазақтелеком» АҚ адам құқықтарын қорғау және сақтау бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады, барлық қызметкерлерге тең мүмкіндіктер жасайды және гендерлік теңсіздік пен кемсітушіліктің кез келген түрлерінің туындау жағдайларын болдырмайды.
Компания қызметкерлерді, мердігерлерді және басқа да мүдделі тараптарды Компанияда қабылданған бизнес-процестерді адал жүргізу саясаты мен қағидаттары туралы хабардар етеді.
Адам құқықтарын сақтау және тең мүмкіндіктер «Қазақтелеком» АҚ қызметінің негізгі қағидаттары болып табылады.
Саясаттармен Компанияның telecom.kz сайтында «Тұрақты даму» бөліміндегі «Адам құқықтарын сақтау және тең мүмкіндіктер» тармақшасында танысуға болады.
2023 жылы Компанияда адам құқықтарын сақтау мен тең мүмкіндіктер саласындағы бірнеше негізгі құжаттар қабылданды:
- Адам құқықтары жөніндегі саясат.
- Тең мүмкіндіктер, инклюзивтілік және әртүрлілік саясаты.

Адам құқықтарын қорғау және сақтау
«Қазақтелеком» АҚ-ның Адам құқықтары жөніндегі саясаты»
Саясат өз қызметін жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде адам құқықтарын сақтау мақсатында Компания басшылыққа алатын қағидаттарды белгілейді.
Адам құқықтары саясатының негізгі қағидаттары:
- Компания Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқықтарының Жалпыға бірдей декларациясын, БҰҰ-ның Жаһандық келісімшартын және ХЕҰ-ның еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтар туралы Декларациясын қоса алғанда, адам құқықтары жөніндегі халықаралық нормалар мен ережелерді сақтайды.
- Компания жынысына, нәсіліне, түсіне, ұлтына, тіліне, тегіне, жасына, тұрғылықты жеріне, діни көзқарасына, сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге немесе қандай да бір әлеуметтік топтарға жататындығына; мүліктік, отбасылық, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына; қызметкердің іскерлік қасиеттеріне байланысты емес басқа да мән-жайларға қарамастан, әрбір адам еркін және қадір-қасиеті мен құқықтары бойынша тең деген сенімді ұстанады.
- Компания кемсітушілік пен адамның қадір-қасиетіне қол сұғудың, жұмыс орнындағы физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермейді.
- Компания мәжбүрлі еңбекке, балалар еңбегіне, адам саудасына қарсы.
- Компания адамның қадір-қасиетін қорғауға және жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа кепілдік береді.
- Компания сыбайлас жемқорлыққа қатысты абсолютті төзбеушілік қағидатын ұстанады.
- Компания үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес адам құқықтарын сақтау саласындағы тәуекелдерді басқару рәсімін дамытуға ұмтылады.
- Компания өз қызметі барысында адам құқықтары саласындағы кез келген қолайсыз салдарды анықтауға және алдын алуға ұмтылады.
Компанияның адам құқықтары жөніндегі саясаты «Қазақтелеком» АҚ-да қызметкерлер, акционерлер, клиенттер және өзге де мүдделі тұлғалар арасында қолданылады.

Тең мүмкіндіктер
«Қазақтелеком» АҚ-ның Тең мүмкіндіктер, инклюзивтілік және әртүрлілік саласындағы саясаты»
2023 жылы Компанияда тең мүмкіндіктер, инклюзивтілік және әртүрлілік практикасын дамыту, бірегей тұлғалық сипаттамаларды есепке алу және барлық деңгейдегі қызметкерлерге қатысты кемсітушілікке жол бермеу мақсатында «Тең мүмкіндіктер, инклюзивтілік және әртүрлілік саласындағы саясаты» (бұдан әрі – «Саясат») қабылданды. Саясат озық халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес келеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескереді.
Саясат «Қазақтелеком» АҚ-да қызметкерлер, акционерлер, клиенттер және өзге де мүдделі тұлғалар арасында қолданылады.
Саясаттың негізгі қағидалары:
- Қазақстан Республикасы заңнамасының сақтау, сондай-ақ Ерлер мен әйелдердің құндылығы бірдей еңбегі үшін бірдей сыйақы туралы конвенцияда (100-конвенция), сондай-ақ 1958 жылғы Еңбек және кәсіп саласындағы кемсітушілік туралы конвенцияда (111-конвенция) баяндалған қағидаттарды есепке алу.
- Қызметкерлер үшін тең мүмкіндіктерді, инклюзивтілікті және әртүрлілікті қамтамасыз ету.
- Қызметкерлерге Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес әлеуметтік кепілдіктер беру.
- Қызметкерлердің өзара сыйластыққа, әлеуметтік алалаушылық пен мәдени кедергілердің болмауына негізделген корпоративтік мәдениетті қалыптастыру.
- Әрбір қызметкер құрметтелетінін, қабылданғанын және естілетінін сезінетін және лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті өкілеттіктер мен құқықтарға ие болатын лайықты, қауіпсіз және жайлы жұмыс ортасын қамтамасыз ету.
- Еңбек қатынастарындағы ашықтықты ынталандыру, барлық қызметкерлерге қолдау көрсету және кәсіби өсу үшін жағдай жасау арқылы олардың мансаптарын дамытуға және құруға көмектеседі.
- Әр түрлі командаларды құруға ұмтылу және әртүрлілікті дамыту бастамаларын ілгерілету, соның ішінде жергілікті тұрғындардан персоналды басым жалдау, сондай-ақ мақсатты персоналды жалдау.
Компания іріктеу, жалдау, бағалау, ілгерілету, дамыту, оқыту және өтемақы беру процестерінде өз қызметкерлеріне тең мүмкіндіктер ұсынады.
Компанияда әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделген және қызметкерлер мен Компания арасындағы өзара әрекеттесуге ықпал ететін ұжымдық шарт жұмыс істейді. Ол жұмыс тиімділігін арттыруға және қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек мүдделерін қорғауға бағытталған. Ұжымдық шарт тараптардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын, еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту шарттарын, сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді реттеу жөніндегі жалпы ұстанымдарын айқындайды. Компания ұжымдық шарт жасасу, өзгерту, толықтыру бойынша қызметкерлермен келіссөздерге қатысады, келіссөздер жүргізу мерзімдерін сақтайды және тиісті бірлескен комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етеді, келіссөздер жүргізу үшін қажетті ақпаратты ұсынады. Компания ұжымдық шарттың талаптарын қатаң орындайды. Еңбек заңнамасына сәйкес кез-келген қызметкер өз өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеуге, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға құқылы.
Гендерлік теңдікті дамыту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету
2023 жылы Компания басшылығындағы әйелдердің үлесін арттыруға бағытталған «Гендерлік теңдік» бағдарламасын іске асыру жалғасты. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның бақылаушы акционері – «Самұрық-Қазына» қоры 2023 жылдың желтоқсанына қарай барлық Компаниялар тобы бойынша басқармалардағы, директорлар кеңестеріндегі және бақылау кеңестеріндегі әйелдердің орташа үлесін 20%-ға, 2030 жылға қарай – 30%-ға жеткізу міндетін қойды. Бағдарлама Қазақстанның әйелдер күштері альянсымен ынтымақтастықта жүзеге асырылады.
2023 жылдың қыркүйек – қазан айларында Компанияда гендерлік теңдікті дамыту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында «Әйелдер форумы» жобасы іске асырылды. Жобаға Компанияның мыңнан астам әйел қызметкерлері қатысты. Жоба бірнеше блоктан тұрды:
- Онлайн форматтағы оқу
блогы аясында спикерлер
(Компания менеджменті мен
шақырылған жаттықтырушылар
қатарынан) Форумға
қатысушылар алдында
төмендегі тақырыптар бойынша
сөз сөйледі:
- жұмыс қатынастарындағы әйелдің жеке шекаралары;
- басшының зейінділік тәжірибесі;
- жұмыс қатынастарындағы гендерлік ерекшелік;
- уақытты басқарудағы жеке және іскерлік тепе-теңдік.
- Компанияның табысты әйелдері TED форматында сөз сөйледі, онда олар өз жетістіктерімен бөлісті: Людмила Атамұратова («Қазақтелеком» АҚ Басқарма мүшесі, Компанияның Бас Қаржы директоры), Нұргүл Бөлешова (Бас қазынашы), Оразмұхамедқызы Маржан (ЖДБ сапа Дирекциясының директоры), Ақмарал Қадырбаева (Корпоративтік университеттің Бас директоры), Юлия Михайлова (Персонал жөніндегі директор), Іңкәр Хусаинова («Трансформация жобалық кеңсесі» Департаментінің директоры).
- Онлайн-сауалнама жүргізілді,
нәтижесінде Компанияның
әйел қызметкерлері үшін келесі өзекті мәселелер анықталды:
- материалдық әл-ауқат;
- қауіпсіздік;
- біліктілік;
- әлеуметтік пакет;
- теңдестік;
- тәлімгерлік;
- хобби мен қызығушылықтар.
«Қазақтелеком» АҚ лауазымы мен жынысына қарамастан жалақы деңгейінде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Компанияның орташа айлық жалақысының деңгейі қызметкердің лауазымына байланысты емес және ұйымдағы жалақы ережелеріне сәйкес анықталады. Компанияның қызметкерлердің сыйақысына деген көзқарасы және 2023 жылға арналған негізгі нәтижелер туралы толығырақ «Қызметкерлермен өзара әрекеттесу» бөлімінде оқыңыз.
Компания қандай да бір белгілер бойынша кемсітушілікке жол бермеуді және сыйақыға әділ және тең құқылы көзқарасты қамтамасыз етуді қадағалайды. «Қазақтелеком» АҚ-да есепті кезеңдегі кемсітушілік фактілері тіркелген жоқ.