Денсаулық және жұмыс орнындағы қауіпсіздік
Компания үшін ең жоғары құндылық – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау. Компания өз қызметінде өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарайды.
Басқару тәсілі
«Қазақтелеком» АҚ Даму Стратегиясының негізгі бағыттары қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау, сондай-ақ өндірістік қызметпен байланысты тәуекелдерді және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайту болып қала береді.
Компания өз қызметкерлері үшін қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларын жасауға ұмтылады, сондай-ақ жұмыстарды орындау кезінде денсаулық пен қауіпсіздік үшін жеке жауапкершілік мәдениетін дамытады.
Компания өндірістік қауіпсіздік саласындағы үздік әлемдік стандарттарға сәйкестікке бағытталған, ұлттық және халықаралық талаптарды қатаң сақтайды, Еңбекті қорғау мен өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесін үнемі жетілдіріп отырады.
«Қазақтелеком» АҚ-ның ҚжЕҚ саласындағы басым міндеттері:
- Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін тиісті түрде сақтау және қолдану;
- қауіпсіз еңбек жағдайлары мен жұмыс орындарын ұсыну;
- қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы озық тәжірибенің заманауи технологиялары мен практикаларын пайдалану;
- өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алудың заманауи құралдары мен әдістерін енгізу.
Компанияда «Самұрық-Қазына» қорының бастамасы болып табылатын «нөлдік жарақат» (Vision Zero) тұжырымдамасы енгізілуде.
«Қазақтелеком» АҚ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару жүйесі шеңберінде жұмыс істейтін негізгі ішкі құжаттар:
- Қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы саясат.
- ЖЖ ТҚКО-дағы жұмыс түрлері бойынша қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтар жинағы.
- «Қазақтелеком» АҚ филиалдарының Жергілікті желілеріне техникалық қызмет көрсету орталығының мамандықтары бойынша қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтар жинағы.
- «Қазақтелеком» АҚ-да арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарына қойылатын техникалық талаптар мен ерекшеліктер;
- «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау карточкасы» бағдарламасы;
- Қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы қызметкерлерді көтермелеу регламенті;
- «Қазақтелеком» АҚ бойынша тергеуге жататын қызметкерлердің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар мен ықтимал қауіпті жағдайлар кезінде хабарламаларды ресімдеу және деректерді жинау тәртібі» стандарты;
- «Қазақтелеком» АҚ-ның көлік құралдарын басқару саласындағы саясаты;
- Сапарларды басқару және жүргізу стандарты;
- ҚжЕҚ бойынша статистикалық есептіліктің бекітілген нысандары;
- Мерзімді міндетті медициналық тексерулерді жүргізу ережелері;
- Рұқсат нарядтар бойынша қауіптілігі жоғары жағдайларда жұмыстарды жүргізу ережелері;
- «Қазақтелеком» АҚ-ның Өрт қауіпсіздігі ережелері» стандарты;
- «Жарақаттанудың алдын алу бойынша командалық стандарт» (2023 жылы әзірленген);
- Қашықтықтан жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау қағидалары;
- «Апаттық жағдайларға дайындық және жауап беру» құжатталған рәсімі.
«Қазақтелеком» АҚ-ның қауіпсіздік және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету саласындағы саясат Компанияның барлық қызметкерлері мен мердігерлеріне қолданылады.
Басқару құрылымы мен құралдары
Компанияда «Қазақтелеком» АҚ Орталық аппаратының арнайы функционалдық бөлімшесі болып табылатын Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметі (ҚжЕҚҚ) жұмыс істейді.
ҚжЕҚҚ жауапкершілігінің негізгі бағыттары Компаниядағы еңбекті қорғау бойынша барлық ұйымдастырушылық жұмыстарды күнделікті басқару және үйлестіру болып табылады. ҚжЕҚҚ функциялары туралы толығырақ Компанияның 2022 жылғы Біріктірілген жылдық есебінен біле аласыз.
Компанияның Орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің және оның филиалдарының басшылары, сондай-ақ еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі жөніндегі арнайы тағайындалған қызметкерлер төтенше және апаттық жағдайларды басқару рәсімдерінің орындалуына жауапты.
Апаттық және төтенше жағдайларды басқару рәсімін іске асыру үшін жауапкершілік Компанияның Орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелері мен филиалдарының басшыларына, сондай-ақ еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі жөніндегі жауапты қызметкерлерге жүктеледі.
HSE тұжырымдамасы және «Қауіпсіз еңбек» Жол картасы аясында Компанияда жазатайым оқиғаларды азайту, нөлдік жарақатқа қол жеткізу және барлық деңгейдегі басшыларды оқыту бойынша іс-шаралар жыл сайын өткізіледі.
«Қазақтелеком» АҚ «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниялары арасында өндірістік қауіпсіздік деңгейі бойынша бірінші орынды иеленді.
Сонымен қатар Компания 2023 жылы қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы үздік көрсеткіштері мен енгізілген белсенді шаралары үшін құрмет грамотасымен марапатталды.
Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі мәселелерін басқаруға тарту
«Қазақтелеком» АҚ өндірісте қауіпсіздік мәселелерін басқарудағы және қауіпсіз еңбек мәдениетін дамытудағы қызметкерлердің маңызды рөлін біледі. Компания өз қызметкерлерін еңбекті қорғауды басқару жүйесін әзірлеуге, енгізуге және бағалауға белсенді түрде тартады. Компанияның барлық филиалдары мен орталық аппараттарында қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылды, олар қызметкерлермен бірлесіп еңбекті қорғау, өндірістік жарақаттанудың және кәсіптік аурулардың алдын алу саласындағы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа қатысады, сондай-ақ жұмыс орындарында еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауға тексеру жүргізеді. Бұдан басқа, дағдарыс жағдайлары туындаған кезде Компания Азаматтық қорғаныс штабымен бірлесіп, ҚжЕҚҚ қатысуымен дағдарыстық жағдайларды тергеу және жою жөніндегі жұмыс тобын құрады.
«Қауіпсіздік және еңбекті қорғау карточкасы» бағдарламасы
2022 жылдан бастап «Қазақтелеком» АҚ-да «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау карточкасы» бағдарламасы» (ҚжЕҚ карточкалары) стандарты енгізілді, ол Компания қызметкерлерін еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру процесіне тарту деңгейін арттыруға бағытталған.
Бағдарлама қауіпті өндірістік факторларды, әрбір жұмыс орнындағы қауіпті еңбек жағдайларын, жекелеген қызметкерлердің қауіпті әрекеттері мен мінез-құлқын, ықтимал қауіпті жағдайлар мен апатқа дейінгі жағдайларды анықтауға және хабарлауға бағытталған, сондай-ақ ҚжЕҚ жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаның мақсаты қоршаған орта мен ұйымның мүлкіне зақым келтіру немесе зиян келтіру тәуекелдерін жою және бақылау ғана емес, сонымен қатар Компания қызметкерлерін өндірістік тәртіпті нығайту, әрбір жұмыс орнында, учаскеде, объектіде карточкалар арқылы қауіпсіз еңбек мәдениетін дамыту жөніндегі жалпы іске тарту болып табылады.
ҚжЕҚ қызметінің жұмысшылары болып табылмайтын қызметкерлерді Бағдарламаға қатысуға ынталандыру үшін барлық қызметкерлерді ҚжЕҚ карточкаларын ресімдеу және тіркеу бойынша оқыту, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапаттау арқылы ең белсенді қатысушыларды ынталандыру туралы шешім қабылданды.
2023 жылы қызметкерлер 28 578 карточканы толтырды (жоспарда 24 000 карточка болған), бұл Компания қызметкерлері үшін осы бастаманың маңыздылығын растайды.
Бұдан басқа, Компанияда 2023 жылы жұмыс орындарындағы тәуекелдерді анықтауға, жоюға немесе азайтуға, сондай-ақ Компания қызметкерлері арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға арналған «Жарақаттанудың алдын алу жөніндегі Команда стандарты» (бұдан әрі-ЖАК) әзірленіп, енгізілді.
ЖАК – бұл «Қазақтелеком» АҚ филиалдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қауіпсіз еңбек мәдениетін арттыруға көмектесетін белсенді команда. Әр күнтізбелік жылдың басында ЖАК көшбасшысы ҚжЕҚ бөлімінің өкілімен бірлесіп, филиалдардың Бас директорларымен келісілетін және Операциялық тиімділік жөніндегі Бас директор бекітетін жұмыс жоспарын әзірлейді.
Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Қонаев, Қостанай, Қызылорда, Семей, Талдықорған, Тараз, Павлодар, Петропавл, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларында жарақаттанудың алдын алу жөніндегі командалардың құрамы бекітілді.
Сонымен қатар, Компанияда «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы қызметкерлерді көтермелеу регламентіне» сәйкес қызметкерлерді қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және жарақаттанудың нөлдік деңгейіне қол жеткізу жөніндегі жұмысқа қатысқаны үшін көтермелеу жүзеге асырылады.
Қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерін басқару жүйесін жетілдіру
Компания еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық стандарттарға сай болуға ұмтылады. Компанияда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйелері енгізілген. Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару жүйесі «2001 ILO-OSH 2001 ХЕҰ ЕҚБЖ Еңбекті қорғауды басқару жүйелері бойынша нұсқаулық» және ISO45001:2018 халықаралық стандартына сәйкес бірыңғай талаптарды белгілейді.
Компания ILO-OSH халықаралық стандартының, олардың ҚР СТ ISO45001-2018 ұлттық аналогының талаптарына сәйкес еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару жүйесін ұдайы жетілдіріп отырады.
Тәуекелдерді бағалау
«Қазақтелеком» АҚ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді басқару мәселелеріне жауапкершілікпен қарайды. ҚжЕҚ негізгі тәуекелдерін басқару процесі корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесінің, сондай-ақ Компанияның еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелерін басқару жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Жол берілмейтін қауіптер мен тәуекелдерді бағалау «Қауіптерді, экологиялық аспектілерді сәйкестендіру және тәуекелдерді бағалау. Басқару шараларын айқындау тәртібі» бекітілген құжатталған рәсіміне сәйкес жүзеге асырылады.
Өндірістік жарақаттану Компанияның Тәуекелдер тізіліміндегі негізгі тәуекелдердің бірі ретінде анықталған. Оның негізінде тәуекелдің іске асуына жол бермеуге және оны жүзеге асырудың салдарын азайтуға бағытталған шаралар тізбесі әзірленді.
Жұмысқа байланысты қауіптерді анықтау және тәуекелдерді бағалау үшін Компанияда негізгі тәуекелдік оқиға бойынша іс-шаралар жоспары әзірленеді, өндірістегі жарақаттану және апаттар, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау бойынша ақпарат негізінде негізгі тәуекелдік оқиғалар үшін тәуекелдердің негізгі индикаторлары бойынша өзекті статусы беріледі. Компанияда елеулі қауіптер мен жол берілмейтін тәуекелдер тізілімі бекітілді. Сондай-ақ, тәуекелдердің ықтималдығы мен әсерін талдау және бағалау, ағымдағы жағдайды ескере отырып, тәуекелді азайту жөніндегі іс-шараларды қайта қарау жүргізіледі.
«Қазақтелеком» АҚ-да жобалық тәуекелдер мен халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қолайсыз әсерлер үнемі анықталып, бағаланады. Оның нәтижелері бойынша қорғау және алдын алу шаралары әзірленеді. Қажет болған жағдайда Компания тиісті органдармен және басқа да мүдделі тараптармен қолайсыз әсерлерді азайту жөніндегі шаралар мен жоспарларға қатысты ынтымақтасады.
Қауіптерді сәйкестендіру және тәуекелдерді бағалау рәсімі шеңберінде барлық персоналдың күнделікті қызметі, адамның мінез-құлқы және оның қабілеттері, жұмыстарды орындау аймағына жақын немесе одан тыс жерде анықталған қауіптер, инфрақұрылым, жабдықтар мен материалдар, технологиялық процестер ескеріледі. Компанияда тәуекелдер анықталып, оларды басқару бойынша іс-шаралар өткізілуде.
Өндірістік жарақаттанудың алдын алу
Компания қызметкерлердің, мердігер ұйым қызметкерлерінің және халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жағымсыз әсерлердің алдын алуға немесе азайтуға көп көңіл бөледі.
Компания өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды әзірлейді және енгізеді.
Компанияда өндірістік жарақаттану және ЖКО себептеріне талдау жүргізіледі, содан кейін филиалдарда жазатайым оқиғаларды болдырмау және алдын алу жөніндегі іс-шаралар тізбесін қамтитын ақпараттық хаттар дайындалады және таратылады. Бұдан басқа, барлық бөлімшелердің қызметкерлерімен болған оқиғалардың мән-жайлары мен себептері талқыланады, сондай-ақ қауіпсіздік техникасы бойынша жоспардан тыс нұсқаулықтар өткізіледі.
Жыл сайын Нөлдік жарақаттануды қамтамасыз ету жоспары іске асырылуда. Осы жоспардың орындалуы жөніндегі есеп тоқсан сайын Директорлар кеңесінің қарауына шығарылады.
Қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасалған мердігер ұйымдардың қызметкерлерінде жарақаттанудың статистикалық есебі Компаниямен жүргізілмейді.
Өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру, ҚР заңнамасының талаптарын орындау талабына байланысты, сондай-ақ Компанияда өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ Өрт қауіпсіздігі саясаты» бекітілді.
Компания қызметкерлерінің және мүдделі тараптардың денсаулық және қауіпсіздік мәселелері туралы хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында Компания 2023 жылдың қыркүйегінен бастап әлеуметтік желілерде белсенді түрде байланыс орнатуда. Осылайша, Компанияның Facebook-тегі Kazakhtelecom/HSE Team парақшасында өрт және көлік қауіпсіздігі тақырыбында, өндірістегі жеке қауіпсіздік және қауіпсіздік бойынша кеңестер, Компанияның ҚжЕҚ саласындағы бағдарламалары туралы ақпарат және басқа да материалдар бойынша 30-дан астам хабарлама жарияланды. ҚжЕҚ инженері Әбдіқалық Бекнұрдың Facebook парақшасында Компания жаңалықтары, жазатайым оқиғалар мен инциденттер туралы хабарламалар, қызметкерлердің сұрақтары мен ұсыныстары, бос жұмыс орындары, ҚжЕҚ мәселелеріне қатысты кеңестер жарияланады. Сонымен қатар, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Kazakhtelecom Safety Телеграм арнасы іске қосылды.
«Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері арасындағы жарақаттану көрсеткіштері
2023 жылы Компанияда 4 «жұмыс уақытын жоғалту оқиғасы» тіркелді, соның салдарынан 6 жеңіл және орташа жарақат алынған; 30 «апатқа дейінгі жағдай» тіркелді.
Жарақаттың негізгі себептері: үшінші тараптың кінәсінен болған жол-көлік оқиғасы.
Анықталған жазатайым оқиғалардың нәтижелері бойынша «Қазақтелеком» АҚ басшылығы мынадай түзету шараларын қабылдады:
- арнайы тергеу жүргізілді;
- Компанияның филиалдары мен дивизиондарында қауіпсіздік және еңбекті қорғау (ҚжЕҚ) талаптарының сақталуына жұмыс жабдықтарын толық тексеру жүргізілді;
- жауапты басшыларға тәртіптік сөгіс тағайындалды;
- мүліктік залал үшін өтемақы берілді.
Қызметкерлердің сапарларының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2023 жылы «Сапарларды басқару және жүргізу жөніндегі стандартқа» келесі тармақтар бойынша өзгерістер енгізілді:
3.2.3 Жұмыстан бас тарту/тоқтата тұру құқығы;
3.2.4 Медициналық препараттарды қолдану;
3.2.6 Көлік құралының құжаттамасы;
3.4.3 Кері қозғалыс сигналдары;
3.5.6 Тұрақ, кері қозғалыс, орыннан қозғалу;
5.0 Шиналар;
8.0 «360°» – тәуекелдерді бағалау құралы (жапсырма).
Қызметкерлерді оқыту және қауіпсіз жұмыс жүргізу мәдениетін дамыту
Компания қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласында, оның ішінде ҚжЕҚ саласында оқыту және біліктілікті арттыру бойынша озық халықаралық тәжірибелерді енгізеді.
Компанияда еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік, өрт-техникалық минимум және электр қондырғыларында жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасы бойынша қызметкерлерді оқыту жыл сайын жүргізіледі. Бұл оқыту бөгде оқу ұйымдарында да, тікелей жұмыс орындарында да жүзеге асырылады.
2023 жылы «Қазақтелеком» АҚ-да Компания қызметкерлері үшін еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша түрлі тренингтер мен оқыту бағдарламалары өткізілді.
Сонымен бірге, Компанияда қызметкерлерді «Қауіпсіз еңбек мәдениеті» курсы бойынша оқыту жүргізіледі. 2023 жылдың тамыз айынан бастап өндірістік персонал қатарынан 7 800 қызметкер осы курс бойынша оқудан өтті.
2023 жылы ДАИКТ Корпоративтік университеті Компания қызметкерлері үшін еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша тренингтер мен оқыту бағдарламаларын өткізді:
- Тәуекелдерді бағалаудағы мінез-құлық тәсілі (жаттықтырушы курсы) – 52 қатысушы.
- Құлаған заттар (жаттықтырушы курсы) – 52 қатысушы.
- Жарақаттанудың алдын алу және оларға жауап беру IPR 3 (жаттықтырушы курсы) – 52 қатысушы.
- Қауіпсіз жұмыс ортасы SWE 2 (жаттықтырушы курсы) – 52 қатысушы.
- Жарақаттанудың алдын алу және оларға жауап беру IPR 2 – 2130 қатысушы.
- Қауіпсіз жұмыс ортасы SWE 2 – 1097 қатысушы.
- Фасилитатор 2-деңгей – 44 қатысушы.
- Қауіпсіз көлік жүргізу – 1552 қатысушы.
- Еңбек қауіпсіздігі мәдениеті – 6 997 қатысушы.
- ҚжЕҚ карточкалары – 5 724 қатысушы.
Компанияда ҚжЕҚ мәселелері бойынша жауапты басшыларды бейне-оқыту бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында қызметкерлерге келесі тақырыптар бойынша бейнематериалдар көрсетіледі:
- учаскелерде, электр беру желілерінің жанында және арнайы техниканың көмегімен қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау;
- қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыс әдістері мен тәсілдері;
- жазатайым оқиғалар кезінде алғашқы көмек көрсету.
Бұл бейне-оқыту бағдарламасы тұрақты бақылаумен және осы бағдарламаны жақсарту бойынша талдау мен шешім қабылдаумен барлық бөлімшелер мен дивизиондар бойынша іске асырылады. Оқытудың бұл әдісі жұмысшылардың өндірістік қызмет процесінде тиімділігін арттыруға, сондай-ақ жұмыс орындарындағы бар тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
«Play | Learn | Be SAFE» – балаларға арналған қауіпсіздік семинарлары
«Қазақтелеком» АҚ өз қызметкерлерінің ғана емес, олардың балаларының да қауіпсіздігіне қамқорлық жасайды.
2023 жылы Компания алты аймақтың 18 қаласында 8–12 жас аралығындағы қызметкерлердің балаларына арналған 23 семинар өткізді. Тақырыптары: жеке қауіпсіздік, жол қозғалысы қауіпсіздігі, интернеттегі қауіпсіздік болды. 2023 жылы біздің семинарларға 334 бала қатысты.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға инвестициялар
2023 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1 382 млн теңгені құрады.
Кәсіптік аурулардың алдын алу және денсаулықты сақтау
Қызметкерлерге қамқорлық көрсету «Қазақтелеком» АҚ үшін басты басымдық болғандықтан, олардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді.
Әлеуметтік пакет аясында қызметкерлер үшін толық медициналық сақтандыру қарастырылған. Қызметкерлер үшін ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес сауықтыру және шипажай-курорттық емдеу бағдарламалары да қолданылады. Сонымен қатар, қызметкерлерге алдын-ала, мерзімді және кезектен тыс медициналық тексерулер жүйелі түрде жүргізіледі. Осы тексерулердің нәтижелері бойынша, қажет болған жағдайда, қызметкерлер тереңдетілген профилактикалық тексеруге жіберіледі. Өндірістік персонал санатына кіретін және міндетті медициналық қарап-тексеруден өтуге міндетті қызметкерлер қарап-тексеруден өтпеген жағдайда жұмысқа жіберілмейді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес қауіптілігі жоғары жұмыстарда, машиналар мен механизмдерде жұмыс істейтін мердігер ұйымдардың қызметкерлері де міндетті түрде ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексеруден өтеді.
Well-Being корпоративтік бағдарламасы аясында Компанияда аурулардың алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Қызметкерлер үшін жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін бағалау үшін «Кардиовизор» аппаратын қолдана отырып, зерттеулер жүргізіледі. Тестілеу қорытындысы бойынша қызметкерлер дәрігердің кеңесі мен ұсынымдарын алады. Сондай-ақ тірек-қимыл аппаратының проблемаларын бағалау үшін «Медискрин» аппаратын пайдалана отырып, сауықтыру тестілеуі жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша қызметкерлер дәрігердің жеке ұсыныстарын алады.
Мердігерлік ұйымдарда өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды басқару
Компания объектілерінде жұмыстарды орындайтын мердігер ұйымдар қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы талаптарды, стандарттар мен нормаларды сақтауға міндетті.
«Қазақтелеком» АҚ қауіпсіздік және еңбекті қорғау аспектілерін басқару контекстінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жеткізушілерімен өзара әрекеттесуге үлкен мән береді. Ол үшін жеткізушілер мен мердігерлерге өндірістік қауіпсіздік саласындағы корпоративтік стандарттарға сәйкес тиісті талаптар қойылады. Бұл ретте мердігер ұйымдар қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы осы талаптардың сақталуын дербес бақылауға міндетті.
Компанияда өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша мердігерлік ұйымдарды бағалау жүйесі іске асырылуда. Компания мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері үшін қауіпсіздік және еңбекті қорғау аспектілері бойынша оқыту жүргізеді.
2024 жылға және орта мерзімді перспективаға арналған жоспарлар
«Адамдар. Қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру» бөлімі бойынша:
- Басшылар мен қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Барлық деңгейдегі басшылардың тақырыптық кеңестерін ұйымдастыру.
- Өліммен аяқталған жазатайым оқиғаларды, олардың түпкі себептерін тергеу және қайталануына жол бермеу бойынша қабылданған шаралар туралы Қоғамның Директорлар кеңесі алдында есеп беру.
- Еңбек қауіпсіздігі мәдениетінің деңгейін анықтау бойынша жоғары буын басшылары арасында сауалнама жүргізу. Көрсеткіштері төмен басшылар үшін еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеу.
- Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбекті дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге және іске асыруға қатысу.
«Жабдықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бөлімі бойынша:
- Жабдық қауіпсіздігін арттыру мақсатында оны жаңғыртуды жалғастыру.
- Аудиттерді жүргізу жоспар-кестесіне сәйкес Қордың портфельдік компанияларында тоғыспалы аудит жүргізу.
- Апаттар мен жарақаттардың алдын алудың проактивті құралдарын қолданудың (мінез-құлық аудиттерін/қауіпсіздік бақылауларын жүргізу, қауіпті жағдайларды, қауіпті іс-әрекеттерді және ықтимал қауіпті оқиғаларды, Near Miss тіркеу және тергеу; жұмысты тоқтата тұру құқығы) оларды жетілдіру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мақсатында мониторингін жалғастыру.
- Компанияның өндірістік объектілерінің аумағында жұмыстардың қауіпсіз орындалуын арттыру мақсатында мердігерлік ұйымдармен өзара әрекеттесудің тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізу.
- Жедел медициналық көмек көрсету құралдарын, оның ішінде жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуге қажет дефибрилляторларды сатып алуды жүзеге асыру.
«Ықтимал апаттар мен ТЖ-ның алдын алу және жоюға дайындық» бөлімі бойынша:
- Апаттарды жою жоспарына сәйкес ірі апатты, ТЖ-ны жою бойынша жұмыстарды жүргізуге материалдық және қаржылық ресурстардың болуын қамтамасыз ету және талдау жүргізу.
- Оқу іс-шараларын: Қорды және мемлекеттік органдарды тарта отырып, объектіде ірі апатты, ТЖ-ны жою бойынша оқу дабылдарын және/немесе апатқа қарсы жаттығуларды; вахталық қызметкерлердің әкімшілік ғимараттарында (кеңселерінде) және тұратын жерлерінде өртті сөндіру бойынша жаттығуларды өткізуді қамтамасыз ету.
«Өндірістік қауіпсіздік бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары» бөлімі бойынша:
- ЕҮҰ мен филиалдардың бірінші басшылары үшін Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі форум өткізу.
- Қоғам Басқарма төрағасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жыл қорытындысын шығаруға арналған бейнеүндеуін шығару.
- Қызметкерлердің балаларының жеке және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы хабардарлығын арттыру мақсатында «Қауіпсіздік бала көзімен» тақырыбында интерактивті мастер-класстар мен байқауларды өткізу.